Қоғам

Қазақ әйелін «ана» деп қана қарау конституциялық құқына қайшы – маман

Қазақстан 1998 жылы БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылған. Осы күннен бастап мемлекет саясатының бірі ретінде гендерлік теңдік мәселесі қатар жүріп қана қоймай, дамудың жаңа сатысы ретінде қалыптасты. Ал 2003 жылдың қарашасында ҚР-дағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды.

Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы «Ашық алаң» саяси ток-шоуы «Әйелдің де қақы бар» деп аталатын тақырыпта таласқа толы эфир жасады. Эфир қонақтары «гендерлік теңдік», «ер мен әйел рөлі», «дәстүр мен заң» және «феминизм» секілді түрлі тақырыптарды қозғады.

Л.Гумлиев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы эфирде сөз бастап, қазақ қоғамындағы әйелдердің теңдігі болғанын, бұрыннан бар екенін тілге тиек етті.

«Қазақта мақал бар: «алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген. Осы әңгімені әжем айтып отыратын. Сондықтан ол қазақтың дәстүрінде бар нәрсе», – деген С.Дүйсенғазы өзінің пайымындағы конституцияны екіге бөліп қарайтынын да айтты. Деканның айтуынша, қазіргі заманауи конституция бар және қазақтың өз конституциясы бар, ол дәстүр деп есептейді екен.

Қазақ әйелінің ең бірінші мақсаты ретінде отбасы, әулет тақырыбын көтерген С.Дүйсенғазыға келіспеген халықаралық құқық магистрі әрі гендерлік экономиканы зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы былай дейді:

«Дәл қазір қазақ әйелі «ана ма, әйел ме?» дейтін сұраққа келетін болсақ, оның рөлін тек қана «ана» деп қарау, он бала көтерген құрсақ тасушы ретінде қарау әйелдің конституциялық құқына қайшы. Конституция бар, бірақ дәстүр маңыздырақ дедіңіз... өте қауіпті», – дейді.

Оның айтуынша, Қазақстан құқықтық мемлекет болғаннан кейін тек қана заңға бағыну керек және соның шеңберінде жүру керек деп есептейді. Атап айтқанда, дәстүр де, мәдениет де, дін де, тарих та заңнан биік емес дегенді айтады.

Жүргізуші Назым Жанғазының «Әйелдің міндеті не?» деген сұрағына Серікзат Дүйсенғазы «ұрпақ өсіру» деп жауап берсе, оған келіспеген «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы: «Әйелдің ту не тумау мәселесі де оның өз еркіндегі құқы» дегенді айтады.

Жалпы Қазақстан «Гендерлік теңдік индексі» бойынша 2023 жылы 146 елдің ішінде 62-орынға тұрақтаған. Ал көпжылдық динамикада бұл көрсеткіш төмендегідей өзгерген:

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от LNEWS MEDIA (@lnews.kz)

Қазақстандағы гендерлік теңдік динамикасы.

2016 жыл  – 31 орын

2017 жыл – 52 орын

2018 жыл – 60 орын

2020 жыл – 72 орын

2021 жыл – 156 орын

2022 жыл – 65 рын

2023 жыл – 62 орын

Ал Global Gender Gap Report рейтингінде Қазақстан биыл 76-орынға жайғасқан.